Балаларды рухани адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі  күні ең қажетті мәселе болып табылады. Рухани адамгершілікке тәрбиелеу – білім берумен ғана шектелмейді. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан-дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптасады.

 

Жеке тұлға бойына халқымыздың мәдени мұрасы арқылы рухани-адамгершілік қасиетін қалыптастырудың көрсеткіштері: бала өмірдегі өз орнын таба білуі, жауапкершілікті ұғынуы, айнала қоршаған адамдар мен кез-келген затқа, жан-жануарларға, экологияға  жақсылық тілеуі және оны жасауы, жақсылыққа ұмтылуы, өзін-өзі дамытып, жетілдіруі болып табылады.

 

Әсіресе, балалардың бойына адамгершілік, имандылық пен ұлттық қасиеттерді дамыту мүмкіндігіне жоспарлы түрде жүргізілетін күнделікті оқу қызметінде, күннің екінші жартысында ұйымдастырылатын терең мәні бар  тәрбиелік іс-шаралар,ұлттық ойындар арқылы бала бойына дарытуға барынша көңіл бөліп отыруымыз керек. Міне осы ұлттық ойынды іс-әрекетте қолдану балалардың ой-өрісін жетілдірумен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы. Балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен, ойната отырып жан-жақты тәрбиелейміз. Сондықтан мектеп жасына дейінгі балаларға ұлттық ойындардың маңызы зор және де бала денсаулығына, ойлау қабілеттерін дамытып, ұлттық сана-сезімін, патриоттық сезімдерін оятады деп ойлаймын.

 

Мен балалардың бойына  рухани-адамгершілік құндылықтарды ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындарды жаңа түрде ойнату арқылы дамытуды көздедім.

 

Ойынды бастамас бұрын, екі топқа бөлініп алу керек.

1топ  - «Сақиналар»

2топ - «Сырғалар»

 

1.«Қырықаяқ» ұлттық ойыны

 

Мақсаты: Ойын балалардың қимыл бірлестігіне, ұжымдылыққа,

жауапкершілікке, ұйымшылдықка тәрбиелейді.

Бұл ойын тегіс алаңды жерде, мектеп ауласында, дене шынықтыру, спорт залдарында ойналады. Ойнаушылар орталарынан басқарушы тағайындап алады. Басқарушының талап етуіне орай ойынға қатынасушылар тең екі топқа бөлінеді. Екі топтағы ойнаушылар да бір-біріне арқаларын беріп, шеңберге тұрады. Басқарушы осы шеңбердегі ойыншылырды жіппен біріктіреді. Басқарушының белгісі бойынша екі топ та сол қалыптарымен аяқтарын тепе-тең алып жүгіре жөнеледі. Қай топ межелі жерге бұрын жетсе, сол жеңіске ие болады. Басқарушы ойын тәртібінің бұзылмауын қадағалап тұрады. Ойын қайталанып отырады. Ойынды әбден игергеннен кейін басқарушыны жаңадан сайлап алады. Ойын балаларды қимыл бірлестігіне, ұжымдылыққа, жауапкершілікке, ұйымшылдықка тәрбиелейді.

 

 2.«Асық тасу» ұлттық ойыны

 

Мақсаты: Балаларды асық ойынының бір түрімен таныстыру.

Ептіліктерін, ойынға қызығушылықтарын дамыту.

Ұжымшылдыққа тәрбиелеу.

Ойынға балалар екі топқа бөлініп, әр топта 5-6 баладан болады. Ойынды далада, спорт залында, бөлмеде өткізуге болады. Екі шеңбер сызылып, сол шеңбер ішіне асықтар қойылады. Екі топ белгі бойынша шеңбер ішіндегі асықтарды бір-бірлеп әкелулері тиіс. Ол үшін әр ойыншының басына бір реттік ыдыс байланады. Асықты осы ыдыспен бір біріне тасымалдау арқылы жинайды.Қай топ көп асық жинаса сол топ жеңімпаз болады.

 

Қорытынды: Мен өз сөзімді Абай атамыздың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген сөзімен қорытындылағым келеді. Нәтижесінде осы қасиеттерді бойларына сіңіріп өскен баланың бойында рухани-адамгершілік құндылықтары қалыптасып, ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденуіне өз үлесін қоса  алатын азамат өсіре аламыз деп ойлаймын.

 

 

Название Скачать
1 Жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру .pdf